Оралда гараж бен үш автокөлік өртеніп кетті

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында гараж бен үш автокөлік түгелдей өртеніп кетті. БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 29 мамыр күні сағат 20:20-да Молдавская көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Техникалық қызмет көрсету стансасы есебінде қайта жабдықталған гараж бен онда тұрған үш автокөлік отқа оранды.

Өрт аумағы - 180 шаршы метр. Оқиға орнынан 50 литрлік үш оттегі баллоны шығарылды.

Тілсіз жау 21:19-да оқшауланып, 21:59-да ауыздықталды. Өрт сөндірушілер (20 адам, 6 техника) жалынның тұрғын үйді шарпуына жол берген жоқ.

Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, бір адам қолын күйдіріп алған. Ол ауруханаға барудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жасөспірімнің Жайық өзеніне батып кеткенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар