Оралда этномәдени бірлестіктер өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселелері талқыланды

None
None
ОРАЛ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда қыркүйектің 30-ында өткізілген семинар-тренингте этномәдени бірлестіктер өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселелері талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры директорының орынбасары Серік Ерғали Елбасының қолдауымен құрылған аталмыш қордың аз уақыттың ішінде мемлекеттік тілді қалың бұқара арасында кеңінен енгізуде бірқатар жетістіктерге жеткенін, қазірдің өзінде осы мақсаттағы 30 жобаны қаржылай қолдап отырғандығын атап өтті.

«Елбасымыз қазір үштұғырлы тіл саясатын, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерін балабақша, бастауыш мектептен бастап үйретуді ұсынды. Осы үштұғырлы тіл саясатында қазақ тілінің алатын орны ерекше. Бүгін таңда біз бастапқыда белгіленген тілді үйрену үрдісінің алғашқы бөлігін аяқтадық. Енді бізге қазақ тілін өзге этникалық топтарға меңгертуде жаңа тәсілдер, тың идея, ұсыныс, жобалар қажет. Қазақ тілін тек қазақ білсін деген керітартпа көзқарастан арылып, тілді игеру мәселесін жалпыхалықтық деңгейге көтеретін уақыт жетті. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдану барысы әлі де формалды түрде. Қазақ тілінде іс жүргізіп, артынша ол құжаттарды орыс тіліне аударып, бір жұмысты екі етеміз. Ол тоқтатылсын. Жиналыста қазақша сөйлеген адамның сөзі хаттамаға аудармасыз қазақша түсірілсін, орысша сөйлесе сол тілде жазылсын. Оны да қазақшалаудың қажеті жоқ. Жалпы, аудармашының көмегіне сүйенген жаман әдеттен арылуымыз қажет . Тілді меңгертудің екінші бір жолы - орыс мектебінде бірыңғай орысша оқыта бермей, біртіндеп кейбір пәндерді, мәселен, дене тәрбиесі, саз, бейнелеу өнері секілді күрделі сөз тіркестерін керек қылмайтын пәндерді қазақ тілінде өткізу. Астананың жекелеген білім ордалары осындай оқу үрдісіне көшті», - деді Серік Ерғали.

Басқосуға қатысқан "Заман - Қазақстан" газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы Қазақстанда барлық ұлттар мен ұлыстарға өз тілін, мәдениетін, өнерін насихаттауға кең көлемде қолдау бар екендігін, енді қазақ тілін үйренуге қажеттілік тудырудың керектігін атап өтті.

Семинардың екінші бөлігі жергілікті этномәдени бірлестіктер өкілдерімен және қазақ тілі мұғалімдерімен пікір алмасуға ұласып, жиын соңында қатысушыларға сертификаттар мен қазақ тілін оқытудың жаңаша әдістемелік оқулықтары табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар