Оралда есірткіге елтіген күйде рульге отырған жүргізуші ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда есірткіге елтіген күйінде рульге отырған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, жүргізуші бұдан бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған болып шықты.

Соған қарамастан, «ВАЗ-2114» автокөлігін тізгіндеген 1993 жылғы К. деген жүргізуші Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Турист» дүкені жанында қолға түсті. Сараптама қорытындысына сәйкес ол есірткіге елтіген күйінде болған.

К. бұдан бұрын да жауапқа тартылып, Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші құқығынан үш жылға айырылған болатын.

«Енді оған ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сәйкес айып тағылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.



Соңғы жаңалықтар