Оралда екі емханаға жаңа жедел жәрдем көліктері табыс етілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қалалық екі емханаға жаңа жедел жәрдем көліктері табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрсетілді.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық оператор – «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры» арқылы Батыс Қазақстан облысына 4 өкпені жасанды желдету құралы, 30 оттегі концентраторы, 60 пульстік оксиметр және «Шевролет Дамас» маркалы екі жедел жәрдем көлігі жеткізілді

.

Облыстық көпбейінді аурухана директоры Арман Байдеуовтің айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust Fund» тарапынан жәрдем уақтылы көрсетіліп отыр.

«Бұл жабдықтардың барлығы коронавируспен күресте өте қажет. Осылайша бірлескен іс-қимыл нәтижесінде алда болуы ықтимал індеттің екінші толқынына толық дайындала аламыз деп ойлаймыз. Сонымен қатар бұл құрылғылар басқа да аурумен сырқаттанатын науқастарды емдеу үшін де керек», деді А.Байдеуов.


Жедел жәрдем көліктерінің бірін алған №1 қалалық емхана директоры Светлана Ермекқалиева да демеушілерге алғысын білдіріп, енді дәрігерлер жұмысының жеделдігі арта түсетінін жеткізді. Емханада осыған дейін жұмыс жасап келе жатқан бірнеше жедел жәрдем көлігі індетпен күрес кезінде тиімділігін көрсетті. Барлық қажетті құрал-жабдықпен жасақталған жаңа жедел жәрдем көлігімен де дәрігерлер шақырту бойынша тез барып, керек болған жағдайда науқастарды ауруханаға уақтылы апара алады.


«Бұл шаралардың барлығы медицина мекемелеріне жұқпалы ауруларға, соның ішінде COVID-19 індетіне қарсы тұруға жәрдемдеседі. Басты мақсат – ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайту», деді «Самұрық-Қазына Траст» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Аталған меморандум аясында Қазақстанның медициналық мекемелеріне барлығы 100 жедел жәрдем көлігі, 1000 оттегі концентраторы, 50 желдеткіш және 1000 пульстік оксиметр жеткізілген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның Федоров ауылында карантин жарияланғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар