Оралда екі автокөлік соқтығысып, 8 жасар бала зардап шекті

Фото: Фото; БҚО полиция департаменті
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі автокөлік соқтығысып, 8 жасар бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 25 мамыр күні Н.Әбдіров пен Январцев көшелерінің қиылысында болды.

«Сағат 08.10-да 20 жастағы жүргізуші «Рено Логан» автокөлігімен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Сөйтіп 40 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Приора» автокөлігімен түйіскен. Содан «Рено Логан» жарық бағанына, «Приора» автокөлігі тұрғын үйге барып соғылған. Жол апаты салдарынан «Приора» автокөлігінің жүргізушісі мен «Рено Логанда» отырған 8 жасар бала ауруханаға жеткізілді. Аталған дерек бойынша «Рено Логан» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 610-бабына сәйкес хаттама толтырылды», деп хабарлады ведомстводан.


БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінінің нақтылауынша, жедел жәрдем көлігімен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген 1983 жылғы ер адам иек тұсының және ернінің жоғары бөлігінен, кеудесінен жарақат алған. Қажетті көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалып, үйіне жіберілді.

Ал 2014 жылғы бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Бас сүйегінен, маңдай тұсынан жарақат алып, миы шайқалған. Қазіргі кезде жағдайы орташа ауыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар