Оралда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккендер саны 16-ға жетті

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккендер саны 16-ға жетті. Автобустардың бірі жеңіл көлік үстіне аударылып түскен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға орнында 5 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасап, барлық жарақат алғандар қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

«Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендердің бәрі де жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған. Бірқатары сынық жарақаттарын алған. Атап айтқанда, 30-72 жас аралығындағы 12 әйел, сондай-ақ 68 және 60 жастағы екі ер адам ауруханаға жатқызылды. Ал 34 жастағы ер адам емдеу мекемесінде жатудан бас тартты. Жарақат алғандар арасында үш жасар бала да бар. Ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі кезде бәрінің жағдайы анықталу жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автобус соқтығысып, 11 адамның ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі осы оқиға бойынша ҚК 345-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар