Оралда дзюдодан Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған республикалық турнир өтуде
БҚО спорт және дене шынықтыру басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, дәстүрлі жарыстың ұйымдастырылып келе жатқанына жиырма жылдың жүзі болды.
Биылғы додаға Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарымен қатар Ресей мен Қырғызстаннан 230 балғын дзюдошы қатысуда.
Жарыстың алғашқы күні мына спортшылар өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды: Әмір Сапарғали (35 кг, Орал қаласы, спорт-интернат), Ерген Сатыбалдиев (38 кг, БҚО, Қазталов ауданы), Табылды Биғамбаев (42 кг, Атырау), Аят Алпысбай (46 кг, Ақтөбе), Қайсар Самиғолла (50 кг, Орал, жекпе-жек спорт мектебі).
13 желтоқсан күні мәреге жететін турнир жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтарға қоса спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі.
Айта кетейік, өмірден ерте кеткен Оралбек Қожагелдин дзюдо, самбо және қазақ күресімен айналысқан танымал спорт шебері еді. Сонымен қатар ол Орал қаласында «Сырым» күрес мектебін құрып, өзінің ізін басатын шәкірттерін тәрбиеледі.