Оралда дзюдодан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы теннис орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткендей, жарыстың үшінші күні бес салмақ дәрежесінде жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.

Ерлер арасында 90 кг салмақта финалда шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровтан айласын асырған ақтөбелік Әділет Миссин үздік шықты.

Алматылық Ерасыл Жаңатаев пен атыраулық Сұңғат Закарияев қола жүлдеге ие болды.

100 келіге дейінгі салмақта қызылордалық Нұрлыхан Шарханның мерейі үстем болды. Қарағандылық Ерқанат Молдағұлов екінші, павлодарлық Серік Сәлменов пен тағы бір қызылордалық Айбек Серікбаев үшінші орынға көтерілді.

Аса ауыр салмақта (+100 кг) батысқазақстандық Темірлан Көлбай қарсыластарының бәрінен басым түсіп, жеңімпаз атанды.

Шығысқазақстандық Әділ Оразбаев күміс, жамбылдықтар Жамбыл Тұрғынәлиев пен Ғалымжан Қырықбаев қола медальді қанағат тұтты.

Осылайша біріншілік барысында батысқазақстандық бапкер Қасым Қаженовтің қос бірдей шәкірті Темірлан Көлбай мен Гауһар Ермағамбетова облыс тарихында алғаш рет Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік.

Әйелдер арасында чемпионаттың соңғы күні 78 келіге дейінгі салмақта ақтөбелік Аруна Жангелдинаның бағы жанды.

Шығысқазақстандық Назерке Тілеухановаға күміс, түркістандық Назгүл Есімбек пен шымкенттік Альбина Бахиеваға қола жүлде бұйырды.

Ал 78 келіден жоғары салмақта Алматы облысынан келген Кәмила Берліқаш алтынға қол созды.

Алматы қаласының өкілі Ақерке Рамазанова күмісті қанағат тұтса, батысқазақстандық Карина Тәкиева мен солтүстікқазақстандық Назгүл Маратова үздік үштікке ілікті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан чемпионатында алғашқы жеңімпаз-жүлдегерлер анықталғанын, жарыстың екінші күні кімдер үздік шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар