Оралда допты хоккейден республикалық жарыстың жеңімпаздары анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ҚР ІІІ қысқы жастар ойындары аясында допты хоккейден республикалық жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш турнирге Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан сегіз команда қатысып, бақ сынады.

Жарыс қорытындысында БҚО құрамасы жеңімпаз атанды. Ақтөбеліктер екінші, шығысқазақстандықтар үшінші орынға ие болды.

«Ақжайық» спорт клубы директорының міндетін атқарушы Армат Меңдешевтің айтуынша, бұл турнирдің бір ерекшелігі, оның қорытындысына сәйкес Красноярск қаласында алдағы айда өтетін XXIX дүниежүзілік қысқы универсиадаға баратын ойыншылар іріктеледі.

Қазақстан құрамасын универсиадаға Ресейдің жоғары лигасында өнер көрсететін «Ақжайықтың» бас бапкері, оралдық маман Николай Шавалдин бастап барады. Құрамаға «Ақжайықтан» Бержан Ахметжанов (қақпашы), Нұрбол Бөкешов, Дәурен Оралов, Ершат Амангелдиев, Андрей Гущин, Максим Өтебалиев, Болат Мұхит және Илья Глухов алынды.

Бұлардың ішінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Н.Бөкешов пен Д.Ораловтан басқалары қаңтар айында ересектер арасында Швецияда өткен әлем чемпионатына қатысып, тәжірибе жинақтап келді. Онда Қазақстан құрамасының төртінші орынға ие болғаны мәлім.

«21 ақпан күні «Ақжайық» Ресей чемпионатындағы соңғы ойынын өткізгеннен кейін ел құрамасының мүшелері Астанаға аттанады. Содан кейін Красноярскіге бет алады. Универсиадада допты хоккейден алғашқы екі орынды Ресей мен Швеция бере қоймас. Ал қола жүлде үшін финдермен таласуға болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Меңдешев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» «Маяк командасын» екі мәрте ұтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар