Оралда Дәулеткерей мен Науша күйшіге арналған республикалық байқау өтеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының 200, аса көрнекті орындаушы Науша Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Күмбірлеген күміс күй» атты республикалық домбырашылар байқауы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімдігі және мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырып отырған байқау 27-28 қазан күндері Жастар мәдениет сарайында болмақшы.

Аталмыш орталық директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, күй сайысы үш кезеңнен тұрады. Онда домбырашылар Дәулеткерей, Науша және Құрманғазының күйлерін орындайды. Байқаудың алғашқы екі кезеңінде домбырашылар жеке күй тартса, соңғы сын дирижер, композитор, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен өтеді.

Дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлы мен Науша Бөкейхановтың есімдерін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған байқауға Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Орал қаласы мен Батыс Қазақстан аудандарынан барлығы 18 үміткер қатысып, бақ сынамақшы. Олардың өнерін елге танымал күйшілерден құралған қазылар алқасы бағалайды.

Айта кетейік, Бөкей хандығында дүниеге келген Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887) – нәзік лиризмге толы төре күйлерінің негізін қалаған халық композиторы. Ал Науша Бөкейханов (1870-1944) Дәулеткерейдің мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізді. Сонымен қатар ол қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушылардың бірі ретінде тарихта қалды.


Соңғы жаңалықтар