Оралда дәріханада заңсыз қызмет әшкереленіп, 700 мың теңгенің тауары тәркіленді

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда дәріханада заңсыз қызмет әшкереленіп, 700 мың теңгенің тауары тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің қызметкерлері адамдарды есірткіге масаю күйіне түсіретін дәрі-дәрмекті заңсыз сату деректерін анықтау мақсатында дәріханаларға тексеру жүргізді.

Департамент бастығы Мақсұтхан Аблазимовтың айтуынша, 11 ақпан күні дәріханалардың бірінде «бақылап сатып алу» операциясын жүргізу кезінде В. деген азамат өзіне табыс етілген 5 мың теңгеге трамадол және тропикамидті дәрігердің рецептісінсіз сатып алды.

«Сатушы 1994 жылғы З. деген азамат болып шықты. Осы дәріхананы тексеру кезінде 184 пластинка трамадол (10 таблеткалық), 50 флакон мидакс (10 мл), 26 флакон тропикамид (5 мл) табылып, тәркіленді. Алынған тауарлардың құны шамамен 700 мың теңгені құрайды. Қазіргі кезде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы осы дәрі-дәрмекті кіріске алу бойынша құжаттамаларды зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ аталған дәрі-дәрмектердің сатылғаны жөнінде журнал табылды», деді департамент бастығы.

Күні бүгін тергеу амалдары жалғасуда. Ал З-ға қатысты материал әкімшілік өндіріске бөлініп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық фармацевтикалық бақылау комитеті БҚО бойынша департаментіне жолданатын болады. Олар одан әрі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 426-бабына (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) сәйкес материалды сотқа жолдауы тиіс.

Сот шешімі шыққаннан кейін тәркіленген дәрі-дәрмекті жою мәселесі қаралатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 1,6 млрд теңге салықтан жалтарған кәсіпкерге қатысты үкім шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар