Оралда бұрынғы полиция қызметкері үшінші қабаттан секіріп кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бұрынғы полиция қызметкері жауап алу кезінде үшінші қабаттан секіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 16 ақпан күні шамамен сағат 11.15-те Орал қаласының тұрғыны, 1975 жылғы Әлібек Ерғазиев қалалық полиция басқармасына жеткізілген.

Ол 13 ақпан күні Орал қаласы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуі кезінде өзімен қатар отырғандарды итеріп, балағат сөздер айтып, тыныштықты бұзған. Осы бұзақылық әрекеттері үшін Ә.Ерғазиев әкімшілік іс қозғау үшін полиция басқармасына әкелінген.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтыру кезінде Ә.Ерғазиев жауапкершіліктен құтылып кету үшін үшінші қабаттағы қызметтік кабинет терезесін ашып, көшеге секіріп кеткен. Соның салдарынан жарақат алған тұрғын жедел жәрдем көлігімен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

Осы оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде.

Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабына сәйкес Ә.Ерғазиевке қатысты материал Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Бұл бап бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

«Сонымен қатар басқармаға әкелінген кезде Ә.Ерғазиев полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, күш көрсеткен. Бұл әкімшілік құқықбұзушылық үшін аталған кодекстің 667-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Ә.Ерғазиев бұрын Орал стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс жасаған. Ол 2017 жылы қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, ҚР мемлекеттік қызметшілері Әдеп кодексі талаптарына қайшы іс-әрекеттер жасағаны үшін құқық қорғау органдарынан қуылған.

Соңғы жаңалықтар