Оралда бостандыққа шыққан достар екі адамды өлтірген

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында түрмеден босап шыққан достар екі адамды өлтіріп, 23 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында істі алқабилер қарап, 29 жастағы Евгений Леонтьев пен 25 жастағы Алексей Гигановты айыпты деп тапты.

Судья Бақыт Ермахановтың мәлім еткеніндей, ҚР ҚК 99-бабы (кісі өлтіру), 188-бабы (ұрлық) және 191-бабына (тонау) сәйкес, Е.Леонтьев жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 23 жылға, А.Гиганов 17 жылға сотталды.

Қылмыстың аса қауіпті екендігі ескеріліп, олар жазасын қауіпсіздік деңгейі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Анықталғандай, қала маңындағы ауылда дүниеге келген сотталушылар бір-бірімен бала кезінен таныс, дос болған. Бұған дейін де ауыр қылмыс жасап, бірнеше рет сотталып үлгерген екеуі одан қорытынды шығармай, жазасын бірге өтеп шыққаннан кейін, өткен жылғы шілдеден бастап ұрлықпен айналысқан.

Ал 22 тамыз күні қала маңындағы Ысқырықтау ауданында 55 жастағы әйелді кездестіріп, бірге арақ ішкен. А.Гиганов дүкенге кеткенде, Леонтьев әйелмен сөзге келіп, оны бос бөтелкемен желке тұсынан ұрып құлатады. Темір тұрбаны алып, басынан бес-алты рет соққы жасайды. Сол жерде жан тапсырған әйелді Леонтьев тоғайға апарып тастап, сөмкесін ұрлап алады. Мұны Гиганов білгенмен, полицияға хабарламайды.

Төрт күннен кейін, яғни 26 тамыз күні Орал-Атырау жолы бойында өзбекстандық азаматпен кездесіп, таныстық ішімдік ішумен жалғасады. Тағы да талас туындап, Леонтьев өз жөніне кетпек болған жаңа танысының басынан бетон плита кесегімен ұрады. Гиганов та қалыспай, жәбірленушінің басынан таспен бес мәрте соққы жасайды. Леонтьев қимылсыз қалған марқұмның жүрек тұсына пышақ сұғады. Жәбірленушінің ақшасын алып, бірі күртесін киіп, екіншісі велосипедіне мініп, бой тасалайды.

Олар бір күннен кейін полицейлердің қолына түсті.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар