Оралда биылғы облыстық тамыз мәслихаты тікелей байланыс түрінде өткізілді

None
None
ОРАЛ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Тамыздың 25-інде дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінде облыс білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихаты болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«On-line» түрінде өткен конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаев Елбасы Жолдауына сәйкес білім беру саласы қызметкерлері алдында тұрған міндеттерді атап көрсетті. Еліміздегі білім беру жүйесі біртіндеп алға басып келеді. Батыс Қазақстан облысы биылғы ҰБТ қорытындысында республика бойынша үшінші орынға қол жеткізді. Бұл - сөз жоқ, ұстаздар еңбегінің нәтижесі.

Кеңесте жаңа оқу жылына дайындық, 12 жылдық оқытуға көшу жайы және басқа мәселелер жан-жақты талқыланды.  Жиынның «On-line» түрінде ұйымдастырылуы секциялық отырыстардың бір мезгілде жүруіне мүмкіндік берді.

Тікелей байланысқа шыққан аудандар басшылары мен білім беру қызметкерлері өткен оқу жылындағы жұмыстарды саралап, сонымен бірге ұсыныс-тілектерін де білдірді. Мысалы, бөкейордалықтар облыс басшылығынан бала санының артуына орай аудан орталығы Сайқыннан алдағы жылы балабақша ғимаратын салып беруді өтінсе, тасқалалықтар 300 орындық мектеп пен 100 орындық балабақша құрылысының биыл басталатынына ризашылықтарын білдірді.

Озат ұстаздар мен білім ордаларының басшылары облыс әкімінің алғысхатымен, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталса, бірқатары ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері атағына ие болды.

Соңғы жаңалықтар