Оралда бір күнде 400-ден астам талапкер ҰБТ тапсырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында бүгін 436 талапкер ҰБТ тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, қала мектептерінің түлектері М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің тестілеу пунктерінде сынақтан өтті.

Бесінші лекке қатысуы тиіс 448 талапкердің 10-ы өз еркімен тест тапсыруға келмеді. Тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін 2 талапкер сынаққа жіберілмеді.

Сонымен қатар тағы екеуі рұқсат етілмеген заттарды пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылып, тест нәтижесі жойылды.

Бес күннің қорытындысы бойынша облыста барлығы 2476 үміткер ҰБТ тапсырды. Осы күндері тәртіп бұзған 16 талапкер тестілеуге жіберілмесе, 12-сі аудиториядан шығарылды.

Тағы бір ескеретін жайт, жоғары балл алғандар кейін жария етіледі. Себебі аудиториядан алынған бейнежазба 25 тамызға дейін тексеріледі. Сол кезде ереже бұзу фактісі анықталса, талапкердің тест нәтижесі жойылады немесе гранттың күші жойылады.

Оның ішінде жоғары балл алғандар да болуы мүмкін.

Өңірде ҰБТ 3 шілдеде аяқталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда демалыс күндері ҰБТ тапсыратын түлектерді арнайы көлік тасымалдайтынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар