Оралда білім саласының озық қызметкерлері марапатталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған өңірдегі білім саласы қызметкерлерінің салтанатты жиыны болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оған қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, Елбасының басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік жылдарында білім саласында да көптеген табыстарға қол жеткізді. Білім саласы басым бағыттардың бірі ретінде мемлекет тарапынан ұдайы көңіл бөлініп келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы қолға алынып, Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептері іске қосылды. Жыл сайын жаңа білім нысандары бой көтеруде. Биыл Оралда екі мектептің құрылысы басталса, алдағы жылы облыста тағы екеуі салынбақ. Бұл мақсатқа 4,3 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі таңда ел ертеңі - жеткіншек ұрпаққа осы заманғы өскелең талаптарға сәйкес сапалы білім беруде сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.

null  

Шара барысында сала үздіктері мен ардагерлері түрлі марапаттарға ие болды. Мысалы, Жаңақала мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рая Апақаева ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері атанса, Оралдағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шара Тілеужанова мен Теректі ауданы «Үміт» тілдер гимназиясы биология пәнінің мұғалімі Алиса Әбдірахманова Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленді. Бір топ қызметкер «Білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, бірқатары «Үздік педагог», «Тәуелсіздік құрдастары», «Үздік кәсіподақ жетекшісі» аталымдарын иеленді. 15 ардагерге «Ақжайық» шипажайына жолдама табыс етілді.

«Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында еңбегіміздің еленгені үшін қуаныштымыз. Мен Оралдағы қара шаңырақ саналатын С.Сейфуллин атындағы №11 мектепте кеңес дәуірінен бері ұстаздық етіп келемін. Бұған дейін де облыс әкімінің грантын иеленіп, мерейім өскен болатын. Оның үстіне елге белгілі ғалым, профессор, филология ғылымдарының докторы Мәтжан Тілеужановтың келіні ретінде қазақ тілінің туын көтеріп, мәртебесін асыруға үлес қосудамын. Ең бастысы, тәуелсіздігіміз құтты, еліміздің іргесі мықты болсын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Шара Тілеужанова.

Соңғы жаңалықтар