Оралда «Бес ұрпақ» сауықтыру саябағы ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қазақ және кәріс халықтары достығының айғағы ретінде «Бес ұрпақ» сауықтыру саябағы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда күніне орайластырылған рәсімге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев саябақты іске қосқан БҚО ҚХА кәріс мәдени-ағарту бірлестігіне алғысын білдірді.

Саябақтың ашылу рәсіміне сондай-ақ қала әкімі Абат Шыныбеков қатысты.

Кәріс ұлтының өкілдері Қазақстанға 1937 жылы депортацияланғаны белгілі.

Кәріс мәдени-ағарту бірлестігінің төрағасы Виталий Анның айтуынша, саябақтың «Бес ұрпақ» аталуының ерекше мәні бар. 1937 жылдан бері Қазақстанда кәрістердің бес ұрпақ өкілдері өсіп жетілді. Қазіргі таңда елімізде 100 мыңдай кәріс ұлтының өкілдері болса, соның бір мыңдайы Батыс Қазақстан облысында өмір сүріп келеді.

Саябақтың тағы бір ерекшелігі, мұндағы шығыс медицинасына негізделген «Денсаулық жолымен» жаяу жүруге болады.

«Бұдан бұрын Оралда «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі ашылған болатын. Бұл – қалаға екінші тартуымыз. Алдағы уақытта да Қазақстан халқы ынтымақ-бірлікте болып, еліміздің қарқынды дами беруіне тілекшіміз», деді В.Ан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монумент ашылғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар