Оралда белгісіз біреулер үш бірдей автокөлікке от қойды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда белгісіз біреулер үш бірдей автокөлікке от қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін таңертең Мұхит көшесі бойындағы бес қабатты 78/1-үй  маңында орын алған.

Сағат 06-33-те «Тойота Королла» автокөлігінің салоны мен артқы бөлігі және «ГАЗель» автокөлігінің артқы бөлігі өртенген. Өрт 06.50-де оқшауланып, 07.05-те ауыздықталған. Жалынды сөндіруге 7 адам, 1 техника жұмылдырылды.

Зардап шеккендер жоқ.

Өрттің шығу себептері, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, тағы бір «ГАЗель» автокөлігін өрттен иесі аман алып қалған. Ал «Тойота Королла» көлігі түгелге жуық жанып кеткен деуге болады.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, қазіргі кезде осы оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бейнекамераның көмегімен күдіктілер іздестіріліп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар