Оралда белгісіз біреу түрменің ауласына 17 ұялы телефон лақтырған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда белгісіз біреу түрменің ауласына ұялы телефондар лақтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға РУ-170/3 мекемесінде орын алды.

Мекеме қызметкерлерінің қырағылығы мен тиісті іс-қимылы арқасында түрме ауласына лақтырылған ірі көлемдені тыйым салынған заттар тәркіленді.

Қарауыл бекетінің сақшысынан тыйым салынған аймақ тұсынан белгісіз біреудің зат лақтырғаны туралы дабыл белгісі келіп түскен. Дереу жеткен қарауыл және кезекші ауысым қызметкерлері түзеу мекемесінің аумағынан полимерлі қаптаманы тапты.

Қаптама ішіне 17 ұялы телефон, 19 дана қуаттандырғыш құрылғы, 55 дана сим карта және 1 дана жад картасы жасырылған болып шықты.

Қазіргі таңда ұялы телефондар тиісті органдарға беріліп, қызметтік тергеу жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткімен ұсталған Атырау тұрғынының полицейге пара бергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар