Оралда белгілі ғалым Мұстафа Ысмағұловтың 100 жылдығына орай арнайы шара ұйымдастырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл көрнекті тарихшы-ғалым, зерттеуші, халық мұраларын жинаушы Мұстафа Ысмағұловтың (1914-1987) туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тұлға. Зерттеуші. Азамат» атты көрме жасақталып, оған ғалым тұтынған және өмір бойы жинаған құнды жәдігерлер, фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар қойылып отыр.

Мұстафа Шәмбілұлы Ысмағұлов 1914 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылында кедей отбасында дүниеге келген. 1930 жылы бастауыш мектепті аяқтап, сол жылдың тамыз айында Қазақ орман техникумына түседі. Оқу барысында денсаулығына байланысты I курсын ғана тәмамдап, одан әрі оқуын тастайды. Денсаулығы қалпына келгеннен кейін Қызылорда сауда техникумына түсіп, аталмыш оқу орнын 1934 жылдың қыркүйегінде есепші-бухгалтер мамандығы бойынша аяқтайды. 1934 жылдың қыркүйегінде Қазақ өлкелік комсомол комитетінің шешімі бойынша Балқаш өңірі құрылысы жұмысына шақырылып, онда бастапқыда есепші, кейін ауыл шаруашылығы комбинатының материалдық бөлігі бойынша бухгалтер болады. 1935 жылдың қыркүйек айында Қазақ өлкелік комсомол комитетінде істерді басқарушы болып тағайындалады. 1936 жылдың қазанында Тынық мұхит флотының жедел кадр қызметіне шақыртылып, онда Владивосток қаласы маңындағы авиамектепте 120-шы авиабригадада оқып, одан денсаулығының жарамсыздығына байланысты 1937 жылдың қыркүйегінде шығып кеткен. 1937 жылғы желтоқсаннан 1939 жылдың қараша айына дейін Қарағанды осоавиахим мекемесінде қызмет атқарды. 1942 жылы Алматыдағы барлаушылар (контрразведчик) мектебін бітірген. 1954 жылға дейін НКВД саласында жедел уәкіл болған. МҚК (Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті) органынан босаған соң өз білімін толықтыру үшін ҚазМУ-дың журналистика бөліміне түсіп, 1960 жылы аяқтады. ҚазМУ-дің 3 курсын кешкі бөлімде, қалғанын сырттай бөлімде оқыған. Қазақстан ҒА-ның Философия және құқық институтында 1957 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеді.

Ғалым Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды деректер жинады. Әсіресе, Боғда, Еспай, Сейтек, Зәмзәм Есжанова, т.б. күйлерін таспаға жаздырды. 1982 жылдан Махамбеттің «Шашақты найза, шалқар күй» атты жинағын шығаруға атсалысты және оның домбырасын тауып, республикалық халық аспаптары музейіне тапсырды. Ол тарихи деректерді, архивтік материалдар мен фотосуреттерді, 120 күйдің пленкасы мен Махамбет пен Дальдің достығы туралы жазылып бітпей қалған романның қолжазбасын, түркі, араб, парсы тілінде жазылған көне кітаптар туралы мәліметтерді Астрахан, Мәскеу, Ленинград, Саратов, Омбы, Орынбор архивтерінен тірнектеп жинаған. М.Ысмағұлов қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев, алғашқы қазақ журналистерінің бірі Елеусін Бұйрин, ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш туралы зерделеді. Әсіресе, Бөкей ордасынан шыққан қазақ оқығандары ішіндегі ірі тұлға, сегіз тіл білген ғұлама Ғабдолғазиз Мұсағалиев (1880-1933ж.ж.) жөнінде тереңірек зерттеп кетті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ғалымның зайыбы Сәнду Дүймағамбетова қызы Салтанатпен келіп, М.Ысмағұловтан қалған мол мұраны Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырды. Қазіргі таңда М.Ысмағұлов жинаған құнды жәдігерлер мен деректердің арқасында 1911-1913 жылдары Ордада жарық көрген «Қазақстан» газетінен кейін 1917-1918 жылдары «Алаш» қозғалысының үні болған «Ұран» атты басылымның жекелеген сандары табылып отыр. Бұл ғалымның қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге де үлкен үлес қосқандығын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар