Оралда балалар алаңындағы оқиға бойынша тексеру жүргізілуде - әкімдік

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда балалар спорт алаңындағы оқыс оқиғаларға байланысты қызметтік тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, Оралда әткеншекте ойнап жүрген 13 жасар бала екі саусағынан айырылған болатын.

Аталған дерек бойынша қазіргі кезде ҚР ҚК 306-бабы 2-бөлігіне (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес тергеу жүріп жатыр.

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, аталған нысан құрылысы 2021 жылы аяқталып, қолданысқа берілді. Мердігер - жергілікті «Жайық сити» ЖШС мекемесі. Жаттығу жабдықтары - жергілікті кәсіпкердің өнімі, қажетті СТ-KZ сертификаты бар.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, құрылыс аяқталған соң нысан аумағында вандализм деректері көп кездеседі. Бұл бүлдірулерді жөндеу кепілдік міндеттемелеріне жатпайтындығына қарамастан, мердігер мекеме ақауларды жою жұмыстарын жүргізуде. Шілде айында кейбір жаттығу жабдықтарын жөндеу басталды. Аталмыш нысан 2022 жылы Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Орал» спорт клубы« МКҚК иелігіне (теңгеріміне) берілді.

Жуырда тағы бір балалар алаңында футбол қақпасы үстіне құлаған 11 жасар бала көз жұмған болатын.

БҚО полиция департаментінің мәліметі бойынша бұл дерек жазатайым оқиға деп танылды.

Орал қаласы әкімдігі екі алаңның да «Орал» спорт клубының иелігінде екендігін растады.

«Орал қаласы әкімдігі аталған спорт клубына қатысты қызметтік тексеру жүргізеді. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ қаланың барлық спорт және балалар алаңдарында ақаулардың бар-жоқтығы тексеріледі. Анықталған бұзушылықтар түзетіледі», - деп хабарлады әкімдіктен.


Соңғы жаңалықтар