Оралда әйелдің қызылшамен ауырғаны анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда әйелдің қызылшамен ауырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1980 жылғы әйел қаңтар айының соңында Астана қаласынан келген.

Ақпан айының басында науқас 39,5 градусқа дейін қызуы көтеріліп, жөтеліп, тамағы ауырғандықтан, медициналық мекемеге жүгінген.
«Үш күннен кейін оның бетінде, содан кейін денесінде, аяқтарында бөртпе пайда болды. Науқас дереу жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілді. Диагнозы расталғаннан кейін сонда жатқызылды», деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынова.
Бұл - соңғы жылдардағы бірінші жағдай. 2016-2018 жылдары өңірде қызылша ауруы тіркелмеген еді.

А.Сақпосынованың айтуынша, облыста қызылшаға қарсы екпе жеткілікті мөлшерде сатып алынған.

Қызылша - жылдам таралатын жұқпалы ауру, дене қызуы көтеріліп, мұрын, көз, тамақ қабынып, теріде бөртпе пайда болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қызылшамен ауыру оқиғалары тіркелмегенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар