Оралда автокөлік қағып кеткен 45 жастағы әйел ауруханаға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда автокөлік қағып кеткен әйел адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мәлім еткендей, оқиға 11 мамыр күні сағат 12.00 шамасында болған.

«Шкода Октавия» автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі Исатай-Махамбет көшесі бойында халыққа қызмет көрсету орталығы маңында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан 1976 жылғы әйелді қағып кеткен.

Жол апаты салдарынан әйел ауруханаға жатқызылды.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақтылағанындай, жедел жәрдем сағат 12.09-да шақырылып, бригада бес минуттан кейін жетті.

Алдын ала мәліметке қарағанда, әйел ашық бас-ми жарақатын алған. Өкшесі, оң жақ жіліншігі сынған ол облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автокөлік соқтығысып, төрт адамның зардап шеккенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар