Оралда автоХҚО-да емтихан тапсыратындар биометрия арқылы тексеріледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде жүргізуші куәлігін алушыларға теориялық емтихан тапсыру кезінде биометрия жүйесі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының директоры Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, бұл – адамның бірегей жеке деректерін бет-жүзі арқылы тану жүйесі.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш жүйе алаяқтық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

«Жүргізуші куәлігін алушылар өте көп. Мысалы, өткен жылы облыста 47 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігін алды. Бұрын теориялық емтиханды тапсырар алдында клиент тек жеке куәлігін көрсететін. Енді әрбір үстелдің үстінде емтихан тапсырушының сол адам екенін анықтайтын бейнекамера орнатылды», деді Н.Құрымбаев.

Филиалдың баспасөз қызметі мәлім еткендей, жүргізуші куәлігін алу үшін 073 үлгідегі медициналық анықтама керек. Медициналық тексеруден мамандандырылған бөлім ғимаратында орналасқан медициналық кабинет, психиатр және наркологтан өтуге болады.

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру екі кезеңнен тұрады, бірі – теориялық емтихан, екіншісі – практикалық. Теориялық емтиханда 40 сұрақтың кемінде 32-сіне дұрыс жауап берілуі тиіс. Ал практикалық емтихан кезінде 12 жаттығудан тұратын автодромдағы сызба арқылы жүріп өту қажет.

Соңғы жаңалықтар