Оралда Assyl Dombyra республикалық айтысының іріктеу кезеңі мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ақын Жүрсін Ерманның 70 жасқа толуына арналған ASSYL DOMBYRA республикалық айтысының үшінші іріктеу кезеңі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен «ASSYLTAS» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет басқармасының қолдауымен карантиндік талаптарға сәйкес көрерменсіз өткен сайысқа республика өңірлерінен 14 ақын қатысып, бақ сынады.

Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізген додада бұл жолы Ринат Зайытов, Айтбай Жұмағұлов, Еркебұлан Қайназар, Қанат Мырзахан, Ершат Қайболдин, Рай Дөңбаев, Абзал Мақаш, Бек Шмат, Нұрзат Қару, Сырым Әділбек, Серік Қуанған, Тілеген Әділов, Айнабек Бисенғалиев, Бауыржан Ширмединұлы сахнаға шықты.

Қазылар алқасының төрағасы, белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкеновтің айтуынша, айтыс жоғары деңгейде өтті.

«ASSYL DOMBYRA» айтысын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған үлкен бағдарлама деп есептейміз. Ақ Жайықтағы айтысқа Ринат Зайытов сияқты мықты ақындар келді. Батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы да жақсы айтыса білді. Осының ішінен үздік шыққандар финалға жолдама алды. Белгілі меценат, «ASSYLTAS» қоғамдық қорының президенті Дулат Тастекейдің демеушілігімен өтіп жатқан айтыс биыл күзде оның туған жері Ақсуат ауылында қорытындыланады», деді Мереке Құлкенов.

Айтысқа қатысушылардың бәріне «ASSYLTAS» қоғамдық қорының атынан алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.


Соңғы жаңалықтар