Оралда «Аltyn kópir» халықаралық фестивалі Абайға арналды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Абайдың 175 жылдығына арналған «Аltyn kópir» халықаралық онлайн фестивалі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы міндетін атқарушы Света Ғаниеваның айтуынша, Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени байланысты нығайту мақсатын көздейтін шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Өткен жылы Оралға Ресейдің көршілес Саратов, Самара, Орынбор, Астрахан және Волгоград облыстарынан отыз шақты жастар келіп, бес күндік шара аясында бас қосып, пікір алмасқан еді. Солардың ұсыныс-тілектері негізінде биыл онлайн түрінде өтіп жатқан фестиваль бағдарламасына ересектер арасында көркем сөз оқу байқауы секілді шаралар енгізілді. Бұл да – қазақ тілінің аясын кеңейтудің бір жолы.

Биыл фестиваль аясы кеңейе түсіп, Мәскеу, Томск, Новосібір, Барнаул, Қорған, Екатеринбург, Челябі, Алтай өлкесінен қазақ диаспорасының өкілдері, жастар көшбасшылары онлайн түрде қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

«Еуразия әйелдері форумы» қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары, Мәскеу қаласындағы «То­мирис» АКЕҰ продюсерлік орта­лығының директоры Дәмелі Тас­мағамбетованың атап өткеніндей, мұндай фестивальдің екі ел азаматтары арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты жолға қоюдағы маңызы зор. Әсіресе, өзінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау үшін Ресейдегі қазақтарға осындай тәжірибе алаңын қалыптастыру өте қажет. Осы орайда «Томирис» орталығы шығармашылықпен айналысатын студенттер мен жастарға өз көмегін аямайтыны анық. «Ресейдегі қазақтар» деректі фильмі де түсірілді.

Елордадан үн қосқан «Отандастар қоры» коммер­циялық емес АҚ президентінің кеңесшісі Ди­дар Болат ұлттық бірегейлікті сақтау үшін Ресейдегі қандастарымызды ұмытпай, оларға түрлі көмек көрсетудің маңыздылығын айтты.

«Омбы қазақтары» қо­ғамдық ұйымының басқарма тө­р­ағасы Қуаныш Елеутаевтың сөзіне қарағанда, Омбы өңірінде 100 мыңдай қазақ тұрады. Қазіргі таңда жас ұрпақтың ана тілін біліп, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауына ықпал жасау ерекше маңызды болып отыр.

БҚО әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов Ресейдегі қазақтармен байланыстың алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді. Коронавирус індетімен күрес кезінде де Ресейдегі бауырлар қазақстандықтарға қолұшын соза білді.

«30 тамыз күні қорытындыланатын фестиваль аясында «Абай және Пушкин» деген тақырыпта онлайн семинар өтеді. Онда ғалымдар жер-жерден қосылып, ұлы ақынымыздың шығармашылығы, Пушкинмен байланысы туралы өз ой-толғамдарымен бөліседі. Облыстық музейге виртуалды саяхат жасалып, домбыра жасауды, ұлттық биді үйрету, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлерін жасау бойынша шеберлік сабақтары, «Ұлттық код негізі ұлттық тәрбиеде», «Жетістікке жету формуласы» тақырыбында сұхбат алаңдары ұйымдастырылады. Ал қазақ тілін оқыту курстары 20 қыркүйекке дейін жалғасады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Света Ғаниева.


Соңғы жаңалықтар