Оралда алғаш рет өткен республикалық моноспектакльдер фестивалі мәресіне жетті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының 30 жылдығы мен Хадиша Бөкееваның туғанына 105 жыл толуына орай ұйымдастырылған І республикалық моноспектакльдер фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сахна падишасы Хадиша Бөкееваның есімін ұлықтау мақсатында тұңғыш рет өткен фестивальге Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Семей, Ақтөбе қалаларындағы театр ұжымдары қатысты.

Өнер байқауына Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер, режиссер, Хадиша Бөкееваның шәкірті Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Фестиваль қорытындысында У.Шекспирдің «Король Лир» (режиссері Әділет Ақанов) трагедиясын ұсынған Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Үздік сценография», Ж.Ануйдің «Медея» трагедиясында (режиссері Қуандық Қасымов) Медеяны сомдаған Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Бақыткүл Қожамұратова «Үздік әйел адам бейнесі», У.Шекспирдің «Гамлетінде» (режиссері Мейрам Хабибуллин) Гамлетті сахнаға шығарған Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актеры Бағдат Телеуғалиев «Үздік ер адам бейнесі» аталымымен марапатталды.

Сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі – бас режиссері Айдын Салбан Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ш.Айтматовтың «Ана мен Ала» драмасын сахналағаны үшін «Үздік режиссура» аталымына ие болды. Театр 30 жылдығының арнайы жүлдесі Ш.Айтматовтың «Ізде» сюрреализмін (режиссері Гауһар Адай) ел назарына ұсынған Семей облысының «Дариға-ай» жастар театрына тапсырылды.

Қазылар алқасының шешімімен фестивальдің Гран-при сыйлығы берілген жоқ.

«Мәртебелі өнер байқауы барысында үш күн бойы моноспектакльдер қойылып, сарапқа салынды. Мұндай фестивальдер өскелең ұрпаққа, соның ішінде театр өнеріне еңбек сіңіріп жүрген жастарға керек. Бұл фестиваль Ақ Жайық өңірінде де театр өнерінің дамып келе жатқандығын көрсетті», деді жазушы-драматург Мұрат Қолғанат.

Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының 30 жылдығына орай алдағы уақытта да іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.


Соңғы жаңалықтар