Оралда алаңда мыңнан астам адам Мемлекеттік гимнді шырқады

None
Фото: Рафхат Халелов
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы Мемлекеттік рәміздер күніне орай тұңғыш Президент алаңында салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты жиында Мемлекеттік гимн орындалып, оны алаңға жиналған мыңнан астам адам қосыла шырқады.

Ақ Жайық жұртшылығын мерекемен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтады.


«1992 жылы 4 маусымда алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн рухымызды асқақтатып, Отанға деген сүйіспеншілігімізді паш ететін ерекше күн ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды. Жер бетінде мыңдаған ұлттар бар. Олардың арасында саны жағынан біздің халықты сан орап кететіні де кездеседі. Алайда, өзінің тәуелсіз мемлекетін құру олардың бәріне бірдей бұйырмаған. Алып планетадан туын тігер алақандай төбе таба алмай жүрген ұлттар қаншама. «Бақ бағалағанның басында тұрады», сондықтан, басымызға қонған бақты бағалай білейік.

Мемлекеттік рәміздер — ең алдымен елдігіміздің, мызғымас бірлігіміздің белгісі, ұлттық сана-сезім мен отансүйгіштіктің символы. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба мен Гимннен бастау алады. Оларды жүрекке басып, маңдайға тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесін биіктетеміз. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты. Осының бәрі – тарих. Нақ осы мемлекеттік рәміздер – біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Мереке құтты болсын! Мемлекетіміз нығая берсін!», - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі еліміз бен өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан әр саланың үздіктеріне алғысхаттар табыс етті.


ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шаралар облыстың барлық ауданында ұйымдастырылды.

Фото - Рафхат Халелов


Соңғы жаңалықтар