Оралда «Ақжайық» шағынауданында алдағы жылы тұрғын үй салу басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы «Ақжайық» шағынауданында алдағы жылы тұрғын үй салу жұмыстары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл ірі жоба өңірдің құрылыс саласының дамуына тың серпіліс берері сөзсіз.

Қазіргі таңда инженерлік желілер өткізіліп, тұрғын үйлер салуға алғашқы инвесторлар да анықталды.

Президентіміз «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты ең алдымен тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты» деп атап көрсеткен болатын.

Осы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 17 көппәтерлі тұрғын үйге (2503 пәтер) және ауылдық жердегі 139 тұрғын үй (474 пәтер) құрылысына 21,1 млрд. теңге қаражат бөлінді.

Әкімнің сөзіне қарағанда, жыл аяғына дейін кезекте тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына бюджет қаражаты есебінен 1083 пәтер беру жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 1,8 есеге көп.

Орал қаласында тұрғын үй салуға жер кезегінде тұрған азаматтарға соңғы рет жер телімі 2011 жылы ғана берілген.

Бұл ретте өңірде тиісті коммуникациялармен қамтамасыз етілген әлеуметтік жеке үйлер салу үшін Орал қаласы мен аудандарда жер телімдерін ұсыну бағытында жұмыстар атқарылуда. Мысалға, Орал қаласының Круглоозерный кентінде 1 141 учаскеге арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары аяқтала келді. Алдағы жылы инженерлік-коммуникациялық желілер өткізілген соң, кезекте тұрған азаматтарға жер телімдері беріле бастайды.

«Сондай-ақ Теректі ауданына қарасты Федоров ауылында 528 жер телімі және Қаратөбе ауданында 144 жер телімі дайындалды. Бұл жұмыстар ауылдағы ағайындардың тұрғын үй мәселесін шешуге және ауыл азаматтарының облыс орталығына миграциясын азайтуға сеп болады», деді Ғ.Есқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да пайдаланылмай жатқан 909,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталғанын, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар