Оралда Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының гастролі өтуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының гастролі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гастроль жұма күні кешкісін Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында татар драматургі Шариф Құсайыновтың «Анамның ақ көйлегі» атты драмасымен басталды.

Труппаны (40 адам) бастап келген театрдың көркемдік жетекшісі, актер, ҚР мәдениет қайраткері Төлеубек Қонбайдың айтуынша, «Анамның ақ көйлегі» Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың 70 жасқа толуына орай сахналанған болатын. Оның қойыла бастағанына 5-6 жыл болды.

Спектакль кенже баланың келін алып келуімен, көңілді басталғанымен, оқиға шиеленісіп, ширыға түседі. Ауыр дертке шалдыққан ананы ұлдарының ешқайсысы баққысы келмейді. Тек кенжесі пәтер жалдап тұрса да, анасынан айрылғысы жоқ. Жаңадан түскен келін де кетіп қалады. Көрермендердің көзіне жас үйірген туынды бала үшін отқа да, суға да түсетін ананың қадір-қасиетін ұқтыра түседі.

Өнер сапары сенбі күні өзбек драматургі Иззат Сұлтановтың «Отбасылық құпия», содан кейін Сая Қасымбектің «Бала кімдікі?!» комедиясымен жалғасып, 23 сәуірде Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен қорытындыланады. Оған қоса балаларға арналған «Наурыз көже» қойылымы да бар.

Ақ Жайық жұртшылығы Ж.Бағысовамен қатар мәдениет қайраткерлері Қайрат Мырзаболатов, Жанар Сатыбайқызы, Құмарбек Қалқатаев, Айна Жүнісова және басқа белді әртістердің өнерін тамашалай алады.

«Біздің театрымыздың отау тіккеніне 22 жыл болды. 1996 жылы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» шығармасымен театр шымылдығы ашылған еді. Содан бері біраз жерге барып, еліміздің оңтүстігіне де, шығысына да жол түскен. Ал Батыс Қазақстанға алғаш рет аяқ басып отырмыз. «Отбасылық құпия» комедиясының қойылғанына бір-ақ жыл болды. Осы 21-маусым шымылдығын «Бала кімдікі?!» спектаклімен ашсақ, «Ромео мен Джульетта» трагедиясының премьерасы 15 сәуірде Көкшетауда болды. Енді, міне, Оралда екінші рет қойғалы отырмыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Төлеубек Қонбай.

Айта кетейік, 8-13 мамыр аралығында Оралда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастролі де болмақшы. 

Соңғы жаңалықтар