Оралда 9 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған қарақшы қолға түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бір тәулікте үш бірдей кісі тонау оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Динара Әбділқалықованың айтуынша, олардың бәрі ізі суымай ашылды.

24 маусым күні сағат шамамен 03.30-да азиат пішіндес екі адам Мәскеу көшесі бойындағы «Достар» кафесі жанында 1993 жылғы тұрғынның құны 45 мың теңге тұратын «Самсунг А-3» ұялы телефонын тартып алған.

Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілер анықталып, қолға түсті. Олардың бірі - Теректі ауданының 1982 жылғы тұрғынынан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынды. Екіншісі - тұрғылықты мекенжайы жоқ 1973 жылғы тұрғын Орал қаласы полиция басқармасының қабылдап-бөлу орнына қамалды. ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Сол күні сағат 17.30-да Х.Чурин көшесі бойында 1993 жылғы екінші топ мүгедегіне шабуыл жасалды. Белгісіз біреу күш көрсетіп, одан сөмкесін тартып алған. Сөмкеде 5 мың теңге ақшасы бар әмиян мен екі банкомат картасы болған.

Күдікті бұдан бұрын 9 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 46 жасар қала тұрғыны болып шықты. Ол кісі тонағаны үшін үш мәрте сотталған, ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет істі болған. Оған қоса қарақшылық шабуыл жасағаны үшін бір рет сотталған. Бұдан бірнеше жыл бұрын түрмеден босап шыққан ол енді тағы да заң алдында жауап береді. Бұл күдіктіге ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес мүлкін тәркілеумен бірге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.

Сондай-ақ кеше сағат 22.30-да азиат пішіндес 30-35 жастағы кісі тонаушы А.Құсайынов көшесі бойындағы «Ырыс» кафесінің қасынан 2000 жылғы тұрғынның 50 мың теңге тұратын «Редми» ұялы телефонын тартып алған. Орал қаласының 1987 жылғы тұрғыны ұсталып, кінәсін мойындады. Бұл дерек бойынша да ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар