Оралда 80-ге жуық бала ат спортымен айналысып жүр

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 80-ге жуық бала ат спортымен айналысып жүр. Бұл туралы «Батыс Қазақстан облысындағы ат спортының дамуы: мәселелері мен шешімдері» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» федерациясы ұйымдастырған жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары, қалалық, аудандық спорт бөлімдері және клубтарының басшылары, федерацияның әр аудандағы өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан облыстық бәйге федерациясының президенті Берік Есенғалиев өңірдегі ат спортының дамуына мән беріп, ата-бабамыздан қалған дәстүрді жаңғыртып, жалғастыру арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге болатынына, дені сау ұлттың қалыптасуына ат спортының пайдасы зор екеніне тоқталды. Осы бағыттарда бірлесе, кешенді түрде жұмыс жасауға және жергілікті билік өкілдерін ат спортын қолдауға шақырды.

Жиналғандар іс-шара барысында «Орал» спорт клубы ат спорты бөлімінің жұмысымен танысты. Айта кететін жайт, аталмыш бөлім атбегі, жеке кәсіпкер Ақылбек Ишановтың бастамасы негізінде, Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен осыдан бір жыл бұрын ашылған болатын.

Бүгінде мұнда 80-ге жуық бала ат спортының төрт түрі бойынша жаттығады. Бөлім жұмысы туралы қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев, спорт клубының директоры Есқабыл Жалмурзиев және жаттықтырушы Ақылбек Ишанов баяндады.

Бұл бөлімнің ерекшелігі – ат спортына баланы 10 жастан бастап үйретіп жүрген еліміздегі алғашқы мектептердің бірі. Дәл осы тәжірибені енгізген олар ат спорты бойынша жасы кіші балалармен де жұмыс жасауға болатынын тілге тиек етті. Алдағы уақытта мұндай бөлімдер аудандарда да ашылса, балаларға тәжірибе алмасу үшін мүмкіндіктер туатынын айтты.

Кейін жиналғандар жас палуандардың аударыспақ және көкпар бойынша жарыстарын тамашалады.

Дөңгелек үстел отырысының екінші бөлімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәжіліс залында жалғасты. Бұл жерде федерацияның әр аудандардағы өкілдері таныстырылып, құжаттары табысталды. Кейін федерацияның атқарушы директоры Сатқали Байзуллин федерация атқарған жұмыстар мен келешек жоспарларға, бәйге ережесі, бәйгетөбе және бәйге алаңдарын жасақтау талаптарын сақтауға тоқталды. Әсіресе, аудан ауылдарында өтетін бәйгелердің ережеге сай өтуін, жарна мәселесі, бәйге түрлеріндегі шақырымдар мен оларды өткізу мерзімдерін қадағалау қажеттігін айтты. Мұның барлығы жүйріктерді қауіп-қатерден мейлінше сақтау, оларды бірнеше рет бәйгеге қосуға мүмкіндік беру үшін жасалатынын жеткізді.

Алматылық атбегі, қолтума жылқылардың жанашыры, «Qazaq Golden Steed» ЖШС президенті Ертілеу Сатыбалды батысқазақстандықтардың ұлттық ат спортына жанашырлығы үшін ризашылығын білдірді. Ол географиялық орналасуы мен ауа райының мезгілдік климатының сақталуына сәйкес облысты бәйге орталығына айналдыруға қолайлы деп есептейтінін, өңірде ат спортына қызығатын жас буын қалыптасып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Е.Сатыбалдының ойынша, кез келген салаға ғылым араласпаса дамымайды. Осы орайда өзі бас болып жүрген қолтума жылқыларды құжаттандыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Себебі тәуелсіздік алғалы елімізге кірген қанды жылқылардың санында есеп жоқ. Ал олардан туған, Қазақстанның отандық өнімі боп есептелетін арғымақтардың есебі, құжаттары әлі күнге бір ізге түспеген.

«Сондықтан жылқыны асылдандыруға, оны тәжірибеден өткізу және сату мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Біз тарихқа үңілсек, бабаларымыз арғымақтың асылын мінгенін көреміз. Міне, солардың ізін жалғау, қазақтың асыл тұқымды жылқыларын әлемге таныту үшін қолтумаларды қолдаудың маңызы зор», - деді атбегі.

Жиын соңында облыстық федерация мен «Qazaq Golden Steed» ЖШС өзара меморандумға қол қойып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға келісті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда алғаш рет ұлттық спорт түрлерінен әкелер мен балалар арасында жарыс өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар