Оралда 72 жастағы зейнеткер әйелді пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 72 жастағы зейнеткер әйелді пышақтап өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Бақыт Ашкаровтың мәлім еткеніндей, 9 наурыз күні Зачаган кентінде болған қанды оқиға қоғамдық пікірді туғызған еді.

Қаскүнем зейнеткерді өлтіріп қана қоймай, оның алтын бұйымдарын да үптеп кеткен болатын.

Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, департамент бастығы Мақсұтхан Аблазимовтың бұйрығымен тәжірибелі қызметкерлерден жедел тергеу тобы құрылды.

Б.Ашкаровтың сөзіне қарағанда, марқұмның түс мезгілінде, сағат 13.00-15.00 аралығында үйде жалғыз болған кезде өлтірілгені анықталды.

Жәбірленуші қарапайым зейнеткер еді, көп ақшасы да болмаған, ешкіммен сөзге келмеген, қайырымды кісі ретінде сипатталды.

«Күдіктіні анықтау мақсатында қылмыс болған ауданда 700-ден астам үй қаралды. 21 күн ішінде 1 мыңдай адам сүзгіден өткізілді. Нақты дәлелдемелер негізінде Орал қаласында тұратын 35 жастағы әйел анықталып, қолға түсті. Ол бұрын сотталмаған, ішкі істер органдарында есепте тұрмаған. Күдіктінің мекен-жайын тінту барысында қанға бөккен киім, қылмыс құралы – пышақ, басқа да айғақтар табылды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен күдікті ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Оны екі ай мерзімге қамауда ұстау сотпен санкцияланды. Бұлжытпас дәлелдемелер бола тұра, күдікті аса ауыр қылмыс жасағанын мойындаған жоқ. Түпкілікті шешім сотпен қабылданатын болады», деді Б.Ашкаров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 72 жастағы әйелді өлтірген күдіктінің іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар