Оралда 5 жасар қызын қылғындырып өлтірген әйелге үкім шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бес жасар қызын қылғындырып өлтірген әйелге қатысты шешім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судья Бақыт Ермаханов мәлім еткендей, қайғылы оқиға өткен жылы 12 желтоқсан күні Оралда болған.

Шизофрения түріндегі созылмалы психикалық дертпен науқастанатын 1983 жылғы Зәмзагүл Ермұханова өзінің үйінде 2013 жылғы қызы Айару Жұмағалимен бірге сабақ тапсырмаларын орындаған.

Содан кейін қызы «Кеттік, жата тұрайық» деп өтінген. Төргі бөлмеде төсекте жатқан кезде анасына еркелеп айтқан «емем» деген сөзін көтере алмай, Зәмзагүл қызын екі қолымен мойнынан қылғындырып өлтірген.

Сотталушының заңды өкілі, анасы Әсемгүл Жексенова қызының оғаш қылықтарын 17 жасында байқағанын, оған кезінде мән бермегенін айтты.

З.Ермұханованың өз қызын қасақана өлтіргені заңды өкілі мен куәлердің сотта берген жауаптары, сараптама қорытындыларымен және іс құжаттарымен толық дәлелденді. Дегенмен оның қылмысты есі дұрыс емес күйінде жасағаны анықталды.

З.Ермұханова психиатриялық мекемеде жатқандықтан, сот талқысы оның қатысуынсыз жүргізілді.

Сот қаулысымен З.Ермұханова ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 14-тармағында көзделген іс-әрекетті есі дұрыс емес күйінде жасаған деп танылып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оған интенсивті бақылайтын мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

З.Ермұхановаға психикалық көмек көрсетуге тиісті медициналық ұйымға орналастыру жөніндегі қауіпсіздік шарасы өзгеріссіз қалдырылды.

«Кешенді стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес Зәмзагүл Ермұханова қылмысты жасағанға дейін де, одан кейін де, қылмысты жасаған кезде де шизофрения түріндегі психикалық ауытқумен ауырған», - деді судья Б.Ермаханов.

Сараптамаға және адвокатқа жұмсалған 634 868,44 теңге процестік шығындар мемлекет есебіне жатқызылды. Мұның себебі - заңды өкілдің (айлық жалақысы – 50 мың теңге) оны өтеуге шамасы келмейді.

Сотталушының заңды өкілі сот қаулысымен келісетінін, қызының қазір ауыр күйде екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар