Оралда 4700-ден астам адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды

2022 жылғы 3 желтоқсан, 07:30
Оралда 4700-ден астам адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 4 777 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде мәлім еткеніндей, соның ішінде 399-ы жастар практикасына, 454-і қоғамдық жұмыстарға, 2 582-сі тұрақты жұмысқа жолданды.

Оның сөзіне қарағанда, 127 адамға жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар берілді. 1093 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберілді. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары, қысқа мерзімді оқу курстары бойынша жолдамалар берілді.

«Ұлттық жоба аясында 127 адамға 400 АЕК көлемінде (1 млн 225,2 мың теңге) грант берілсе, соның 49-ы – көп балалы отбасылар. 11-і – мүгедек, 14-і – мүгедек баланы тәрбиелеуші, екеуі – АЭК алушылар, біреуі асыраушысынан айырылған адам болса, 50-і – жастар», деді М.Нұржанов.

Биыл қала бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу мәселесімен барлығы 10 779 адам жолықты. Оларға Ұлттық жоба аясында «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Бастау бизнес» жобалары және қысқа мерзімді оқу курстары мен мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша жұмыспен қамту шаралары ұсынылды. 2022 жылдан бастап «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн түрде жүзеге асырылуда.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar