Оралда «100 жаңа есім» жеңімпазының кітабы жарық көрді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, белгілі ғалым Ақсерік Әйтімовтің «Туған елге тағзым» атты жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туған жер» бағдарламасы аясында қаладағы «Полиграфсервис» баспасынан басылып шыққан кітапқа автордың өзі өсіп-өнген Белес ауылының тарихы, әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Сары Әйтімовтің өмір жолы, онымен жұмыстас болған ардагерлер туралы және Ақсерік Сарыұлының адамгершілік келбетін паш ететін материалдар топтастырылған.

Батыс Қазақстанның Зеленов ауданында кіндік қаны тамған, қазіргі таңда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ақсерік Сарыұлы туған жерімен байланысын үзген емес. Сондықтан жаңа кітабының тұсаукесерін осы аудандағы Белес ауылында өткізуі заңды еді.

nullШарада аудан әкімі Асхат Шахаров Ақсерік Сарыұлын жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, оның маңыздылығына тоқталды.

«Сіз Қазақ елінің білім және ғылым саласында өзін таныта білген айтулы тұлғалардың бірісіз. Әрдайым туған жеріңізбен байланысыңызды үзбей, адамдарына қолұшын беріп келесіз. Өз кітабыңызда да туған ауылыңызды кеңінен қамтып отырсыз. Бұл - елге деген үлкен құрмет. Сізді аудан халқы да әрдайым мақтан тұтады», деді А.Шахаров.

Тұсаукесер рәсіміне облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиева, ақын Закария Сисенғали және басқалар қатысып, Ақсерік Сарыұлының шығармашылық қызметіне табыс тіледі.

Кездесу барысында Ақсерік Әйтімов өзінің тәлімгері, Белес ауылында мектеп директоры қызметін атқарған еңбек ардагері Майдан Жұбандықовқа құрмет көрсетіп, автокөліктің кілтін табыс етті.

Соңғы жаңалықтар