Оралда 10 жасар қызды қағып өлтірген жүргізушіге сот үкімі шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 10 жасар оқушы қызды қағып өлтірген жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қалалық соты Валерий Петрунинді ҚР ҚК 345-бабы (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабына (жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес айыпты деп таныды.

Ол 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды. Сонымен қатар В.Петрунин 5 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды.

Оған қоса судья Мағира Қитарова Орал қаласы әкімі атына жеке қаулы шығарды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Қайтыс болған қыздың әкесі Асылхан Қазиев сотталушының екі кішкентай баласы болғандықтан, кешіргендігін жеткізді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, аталған жүргізуші өткен жылы 20 қараша күні кешкісін жаяу жүргінші өткелінен өтіп бара жатқан 10 жасар қызды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған болатын.

Кейін ол ұсталып, екі айға қамауға алынды.

Осы оқиғаға байланысты мәйітханада қыздың сүйегін шатастырып, басқа біреуге беріп жібергендер жауапқа тартылып, Орал қаласы әкіміне сөгіс жарияланды.


Соңғы жаңалықтар