Оралда 10 айлық сәбидің неден көз жұмғаны белгілі болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда 10 айлық сәбидің бактериялық менингиттен қайтқаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Валентина Кенжеғалиева мәлім еткендей, аталған сәби 3 маусым күні облыстық көпбейінді балалар ауруханасына ауыр жағдайда түскен.

Өкінішке қарай, сәби содан оңала алмай, 10 маусым күні көз жұмды.

Бүлдіршінге жіті іріңді менингит деген диагноз қойылған. Алайда, бұл жұқпалы індет емес. Яғни, бактериологиялық зерттеулер онда менингококк қоздырғышы жоқ екенін көрсетті.

«Облыста осы кезге дейін екі адамның менингококк жұқпасымен ауырғаны тіркелді. Олардың біреуі - 20 жаста болса, екіншісі - 9 айлық сәби. Екеуі де жазылып шықты. Тұрғындарға айтарымыз, жаз маусымының басталуына байланысты серозды вирусты менингитті жұқтыру қаупі күшейеді. Бұл көкөніс, жеміс-жидектерді дұрыс жумаудан және суға шомылу кезінде жұғуы мүмкін. Оның қоздырғышы - энтеровирус», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Валентина Талапқызы.

Еске сала кетейік, кеше ауруханада 10 айлық сәби көз жұмған болатын.

Соңғы жаңалықтар