Оралбай Әбдікәрімов: Тарихи сананың тамыры тереңде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат - «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұтымды қағидасы, халқына арналған асыл үндеу өсиеті іспеттес.Осы тақырып төңірегінде арнаулы тілшіміз мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовпен сұхбаттасқан еді.

- Рухани жаңғыру - адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімінің өзгерісті қабылдай білуі. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгіні мен жарқын болашағын үйлесімді үйлестіретін ұлт жадының тұғырнамасы. Осы тұғырнамадан ауытқымай, ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік-биік шыңдарды бағындыру үшін Ұлы мұраға ұқыпты ие керек. Осыған не дейсіз Оралбай аға?

- Рухани жаңғырудың негізі - халықтың, жеке адамның тұлғаға айналуы дер едім. Әр заманның өз міндеті, ұрпаққа қояр өзіндік талабы бар. Ертеңгі жарқын болашаққа ұмтылған жастар, ағалар өткен кешегі өмірдің сәтті сабақтарынан ой түюлері керек. Тәуелсіздіктен бергі уақытта жасару мен жаңғыру біздің көңілімізді арғымаққа мінгізді. Алынбайтын асқар тау жоқ екенін көрсетті. Талпынсаң талабыңа нұр жауады. Мемлекет мүддесі де осы. Жақсы орта мен адамның дамуына мол мүмкіндіктер беретін қоғамды қалыптастыруға мен де барынша үлесімді қостым. Мемлекеттік қызметтегі міндеттерімді барынша адал орындадым дей аламын.

Бұл тұрғыда түйген тұжырымым, ісімізді жалғастырар келешек ұрпаққа айтарым: оқыған-тоқыған, көрген-білген тәрбие мен тағылымның Ұлтқа адал қызмет ету жолы біреу. Ол сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз қалыптастырған дәстүрлі кемел тарихи санаға адал болу. Тарихи санадан атымен жұрдай мемлекеттік қызметкер жеке пайдасының жағдайын күйттеп жемқорлыққа ұрынады. Тарихи сана туралы миында саңылауы жоқ бизнесменнің өресі туған жер қасиетінен жұрдай. Табиғатты тонап, экологияны құртатын ондай тексіз пенделер тек баюды көксейді. Айналып келіп түбінде мүрделері туған топырақта байыз табатындарын ойламайды. Тарихи сананы ата-анасы өзегіне сіңірмеген перзенттер тағдыры жетесіз жетімдерді еске түсіреді. Халқымыздың сан ғасырлар бойы жиып-терген қазынасына менсінбей қарайтын, өзгенің тілі мен ділін құдірет санайтын ондай пақырлар түбінде рухани мүгедектікке ұрынады. Олар өз ұрпағының ертеңіне ғана балта шаппай, Отанына да кесапатын тигізеді. Кез-келген адамды тектілердің тұяғы десек те, жұмыр басты пенде өз ортасының есігі мен бесігіне қарап өседі. Бесігі дегеніміз ғұлама ғалым М.Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген өте тереңнен тамырланған ұлағатынан өсиет. Ал есігі дегеніміз қай ұлттың тәлім-тәрбиесін алғанына тікелей қатысты тағылым.

Сондықтан да айтарым елдік кемелдікке ұмтылған рухани жаңғыруымыз, кешенді толық ниетпен тарихи санамызды салауатты өмір салтына бастаған ізгі қадам.

- Рухани жаңғыру арқылы тарихи санамыз жаңғыруы керек. Кешегі жасаған ісімізге, бүгін опық жеп өкінбес үшін, кешегі айтып – айтып тастағанымызға, бүгін бетіміз оттай өртенбес үшін де тарихи сана керек. Сіз көп жағдайды көрдіңіз. Көп білесіз. Өмірдің тәжірибесінен түйгеніңіз аз емес. Отыз жылдық тәуелсіздік тарихымызда Елбасының ең сенімді оншақты серігінің алғашқысы боларсыз. Президент Әкімшілігінің Басшысы, Парламент Сенатының Төрағасы, Мемлекеттік хатшы деген мемлекетіміздегі ең жоғары лауазым қызметін абыроймен атқардыңыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кадр мәселесіне жауапты болдыңыз...

- Ерте заманда өмірдің мәнін білген қарияларымыз: «көзі соқыр – соқыр емес, кеу­десі соқыр ­– соқыр» деп тектен-текке қақсап кетпеген. Қазір ел болып өткен тәуелсіздіктің отыз жылына қарадай қағынып, өздері аспаннан түскендей болып, мына дүние бүгін ғана жаратылығандай атқарылған істерге жатырқай, менсінбей қарайтындар шықты.

Іргесі мығым, бүгінгідей Мәңгілік ел болып қалыптасуымызға күн-түн тынымысыз еңбек пен ізгі мұраттарға ұмтылған өрелі күреспен қол жеткіздік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бізді быт-шыты шығып, басы бірікпей бірден құрдымға бататын уақытша республика деп санағандар және соған сеніп иланғандар аз болмады.

Сондай қысылтаяң кезде, бір көшбасшымызға бәріміз сүйеу, ізгі істеріне тіреу болдық. Елдің тағдыры - өз қолымызға тиген тұста ұлт болып ұйыса алдық. Әрине елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ әрқашанда көп. Бәріне тарих төреші болмақ. Бағаны келер ұрпақ берері хақ.

Біз бастан өткерген тарихтың нағыз бетбұрыс кездерінде жас тәуелсіз мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа заманның талаптарына сай келмейтіндердің біліксіздіктеріне, әсіресе экономикалық және саяси дамудың алғышарттарын талдап, тиісті шешім қабылдаудағы біліксіздікке қатаң қарсы тұрды. Ол билік тізгінін тартып үйреніп қалғандардың бәріне бірдей жаға бермейтіндігі анық. Қалай болғанда да өміршең маңызы бар шешімдерді қабылдау арқылы бүгінде өзіндік бет-бейнесі айқындалған, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымдары бекіген табысты мемлекет құрдық.

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда, тәуелсіз мемлекет құру кезеңіндегі ұлы көштің іргетасын қалауға аз да болса ат салысу үлкен мәртебе - өмірім сыйлаған ұлы бақыт деп білемін.

Оралбай аға бір атап өтерлігі Сіз бәзбіреулер үрке қорқатын еліміздегі финполдың алғашқы форматы болған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Төрағасы болдыңыз. Кейінірек «Нұр – Отан» ХДП жанындағы республикалық қоғамдық жемқорлықпен күрес кеңесінің Төрағалығында, ал одан ертеректе, яғни 1990-1992 Депутаттық этика және депутаттық өкілеттілік мәселелері женіндегі комитет Төрағасының орынбасары қызметін атқарғаныңызды білеміз. Зейнетке шықсаңыз да мүдделес азаматтармен бірге «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысын құрып коррупциямен күресудесіз. Әскери атағыңыз - полковник. Хоббиіңіз - тарихи әдебиеттер мен мемуарлар оқу. Жалпы жемқорлыққа қарсы күрес Сіздің ғұмырлық позицияныз секілді.

- Халқымыз ежелден тез байып кетуді - арсыздықтың белгісі деген. Өйткені «тез байып кетемін» деудің түбі - құмарлық ойынға құл болып, ауыр дертке ұшырау. Ал құмарлық дегеніміз Абайдың пайымдауынша адамды арсыз қылады:

«Арсыз құмар болғандар,

Опыр-топыр, шақ-шұққа

Түспей жүр ме, көрдің бе,

Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?»...

«Опыр-топыр, шақ-шұқ» - тез байып кетем деген адамның асығыс әрекеті. Ал «жалаң-жұлаң, тақ-тұқ» - банкрот болу, тақырға отыру. Арлы болу – рухани таза болу деген сөз. Арлылық - ойшылдыққа жетелейді. Іші таза адам бәрін ескеріп, салмақтап, ой безбеніне салып іс қылады. Арлы адам кез келген байлық тынымсыз еңбекпен, маңдай термен келетінін біледі.

«Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоғынан азады»,- дегенді де Абай ақылшымыз айтқан. Қазір аталы сөзге тоқтау керек деген ұғым жоғала бастағандай. Қазақ біліп айтқан ғой: «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» дегенді. Міне осы қасиетті сөзді данышпан Абай былайша қортындылайды: «Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді». Қандай дәл сөз. Үлкен қызметтерінде біліп тұрып қате басқандар сот кезінде опық жеп, кінәлерін мойындап кешірім сұрағанда осы ұлағатты өсиет есіме орала береді. Жалпы ертеректе қазіргідей жұртты лезде хабардар ететін әлеуметтік желі болмаған кезде ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып жиналыс өткіздім. Заң бұзғандардың аттарын атап жариялағанда оларда қорқыныш туатын еді.

Қазір заманы адамын емес, адамы заманын жетелеген дәуір туды. Еліміздегі жаппай дертке айналған жемқорлардың қолына – кісен, аяғына – тұсау салу керек. Осы мақсатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оң бастама көтеріп отыр. Айталық, күні кеше мемлекеттік қызмет және коррупцияға қарсы тұру мәселелері жөніндегі бірқатар заңнамалық актілерге түзету енгізілді. Онда қоластындағы парақор, жемқор қызметкерлер үшін бірінші лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі нақтыланды. Бұл, қазір ең алдымен, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болып отыр. Былайша айтқанда, бұдан былай министрлер мен әкімдерге қол астындағы орынбасарлары, басшылық орындағы қызметкерлер үшін де жауапкершілік жүктелмек. Бұл өте дұрыс. Осылайша біртіндеп жемқорлардың тәбеті тартылып, портфель ұстап бастық болу деген сол қызметтің арқасында портфельді ақшаға толтыру пиғылынан арылтуға бастайтын алғашқы қадам. Басшы осыны парызым деп бастаса, бәріміз бірдей қосшы болып қолдауымыз парыз. Сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін, міне осындай науқаншылдықтан ада кешенді шаралар керек.

«Бұл әлеуметтік дертке бірге қарсы тұруымыз керек. Менің берік қағидам мынадай: мемлекет жемқорлықты түп-тамырымен жойғанша күресуі тиіс. Заңнан үлкен ешкім жоқ. Бірінші басшылар, орталықта болсын, аймақтарда болсын, қоластындағы парақорлар үшін жауап беруі тиіс. Сонымен қатар, іс анықталған соң ғана шара қолданбай, кешенді, жүйелі ескерту тетіктерін әзірлеу қажет», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқаев.

Осы тұрғыда атқарылар шаралар әлі де көп деп ойлаймын.

Тәуелсіздік дәуірі бізді ұлы істерге ұмтылдырып отыр. Өткен шақтың қатесін дәл түзетіп, жұртшылық күткен жаңалықты қабылдап, халқымыздың бойындағы жасампаз рух пен тегеурінді әділеттілікпен ашық қоғамға батыл қадам жасау керек. Бұл біздің мемлекеттің дамуы, экономикалық та, әлеуметтік те прогресті шұғыл жүзеге асырып - ұрпақтың уақыт талабына сай тезірек бейімделіп, мәдени ортаға қалыптасуға деген ұмтылысына жігер береді.

Осы орайда Оралбай аға Сізді Тәуелсіздік күнімен құтықтап, мықты денсаулықпен еліміз үшін еңбек ете беруіңізге тілектеспіз.

Автор Махат Садық

Соңғы жаңалықтар