«Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да «Еңбек адамдарына абырой мен алғыс!» атты шара ұйымдастырылды

None
None
ОРАЛ. 18 ақпан. ҚазАқпарат - «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да «Нұр Отан» ХДП бастауыш партия ұйымы бастамасымен «Еңбек адамдарына абырой мен алғыс!» атты шара өткізілді.

Оған Батыс Қазақстан өндірістік колледжінің студенттері мен оқытушылары қатысты. Аталмыш кездесу Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсаттар аясында ұйымдастырылды.

«Орал «Зенит» зауыты» АҚ - облыс орталығындағы ежелгі кәсіпорындардың бірі. Негізі 1921 жылы Ленинградта қаланған зауыт 1941 жылдың күзінде Орал қаласына көшірілген. Алғашында майдан мұқтажын өтеген зауыт мыңдаған жергілікті жұмысшыларды тәрбиелеп шығарды. 1945 жылдан бері зауыт өңір ғана емес, Отанымызға танымал өндіріс орны ретінде ел экономикасының қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Қазір мұнда мыңдаған жоғары білікті техник-мамандар мен жұмысшылар еңбек етеді. Қаладағы ірі өндіріс орнының қалыптасуында оны 42 жыл бойы басқарған директор, шебер ұйымдастырушы Петр Атоянның еңбегі зор.

Қазақстандағы теңіз кемесін жасау саласының көшбасшысы болып табылатын зауыттың жекелеген цехтарында болған жастар өндіріс орнымен танысты. Мұнда оларға Каспий теңізінде мемлекеттік шекараны қырағы қорғайтын «Сұңқар» және «Бүркіт» сықылды кемелер көрсетілді. Олардың әскери-техникалық жұмыс сипаттамасы туралы қысқаша түсінік берілді. Соңынан жас жігіттер зауыттың байырғы жұмысшылары Дәулетияровтар әулеті өкілдерінің әңгімесіне құлақ түрді. Ерлі-зайыпты Ж.Дәулетияров пен А.Дәулетиярова өткен ғасырда өздерінің еңбек жолын осында бастаса, олардың ісін слесарь Асхат, сәулетші Серік, құрастырушы Берік және реттеуші Әлфия есімді ұл-қыздары жалғастырып келеді. Аталмыш әулеттің зауыттағы жалпы жұмыс өтілі 99 жылды құрайды екен.

Осындай өнегелі кездесу барысында келешек мамандар өндіріс барысымен танысып қана қоймай, жұмысшы мамандығының қаншалықты қажетті, қаншалықты қастерлі екендігіне де көз жеткізді.

Соңғы жаңалықтар