Орал тұрғындары коронавирусқа қарсы екпені кезекке тұрып салдырып жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғындар коронавирусқа қарсы екпені кезекке тұрып қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы күндері қалада жылжымалы егу пункттеріне келушілер саны артты.

Әмбебап дүкені жанында тұрған автобуста адамдар екі кезекке тұрды. Бірінде қытайлық, екіншісінде – ресейлік вакцинаны қабылдауға тілек білдіргендер.

Орал қалалық №2 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Роза Шұғаеваның айтуынша, мұнда келушілер «CoronaVac» және «Спутник V» вакциналарымен егілуде.

«Күн сайын сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Қазақстан бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы шыққаннан кейін келушілер саны көбейді. Күніне орта есеппен 150-ге дейін адамды қабылдаудамыз. Егілер алдында қызуы мен қан қысымын өлшеп, қандай да бір аурумен есепте тұрса, соны білеміз», деді Р.Шұғаева.


«Мен егілуге Ресейден келдім. Қазақстан азаматымын, Ресейде келісімшарт бойынша жұмыс жасаймын. Бірақ көрші елде иммигранттарды әзірге екпейді. Егілу керек, әйтпесе жұмысқа барарда, пойызбен жүрерде шектеуге тап боламыз. Екпе денсаулық үшін де маңызды. Ауыр дертке шалдықпас үшін де керек», деді Марина есімді әйел.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, 7 шілде вакцинация басталғаннан бері тұрғындар екпені ең көп алған күн болды. Кеше облыс бойынша 4705, қалада 3002 адам коронавирусқа қарсы егілді.


Өңірде екпе алғандардың жалпы саны 117834-ке жетті. Бұл – облыс тұрғындарының 30 пайызы. Жекелеген аудандарда қарқын бұдан да жоғары. Мысалы, Жәнібек ауданында тұрғындардың 56,5, Тасқалада 52,2 пайызы егілген. Олар ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 60 пайызы екпе қабылдау керектігін жақсы түсінеді.

Әсіресе, медицина қызметкерлері (94 пайыз), мұғалімдер (76 пайыз) және құқық қорғау органдарының өкілдері (81 пайыз) белсенділік көрсетуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 730-дан астам адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар