Орал тұрғындары қоқыс полигонынан тараған улы түтінге тұншығып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласының тұрғындары қоқыс полигонынан тараған улы түтінге тұншығып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсіресе, шаһардың Зачаган, Деркөл секілді шеткері аумақтары түтіннің зардабын тартып отыр.

Бұл мәселе біраз жылдан бері айтылып келе жатса да, шешілер емес.

Тұрғындар полигондағы тұрмыстық қалдықтардың негізінен түнде өртенетініне қапалы. Түнге қарай, таңда есік-терезені ашу мүмкін емес. Соңғы бірнеше күн бойы осындай жағдай орын алды. Кейде улы түтін қаланың орталық бөлігіне дейін жетеді.

Осыған орай тұрғындармен кездескен қала әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, Орал-Саратов тас жолының бойында, қаладан 8 км жерде орналасқан қатты қалдықтар полигоны 1975 жылы пайдалануға берілген. Қалдықтардың жинақталу мерзімі – 25 жыл. 2000 жылы бұл мерзім 2025 жылға дейін ұзартылды. 2017 жылы полигон «ICM Recycling» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілген.

Жалпы ауданы 28,2 га болатын полигонға қала аумағынан күніне шамамен 1800-2400 текше метр қоқыс шығарылады.

«Полигонның қазіргі заманғы стандарттық талаптарға сәйкес қалдықтарды қабылдап, жоятындай мүмкіндігі жоқ. Соның салдарынан полигонда қалдықтар жиі өртеніп, экологияға теріс әсерін тигізуде», деді Абат Шыныбеков.


Оның сөзіне қарағанда, қаланың 2030 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес полигонға жақын жерлерде тұрғын үйлер, медицина, білім беру және мәдениет нысандары салынатын болады. Осыған орай полигоннан жеті шақырым жерде Бәйтерек ауданы аумағынан жаңа полигон салу үшін 70 гектар жер бөлінді.

Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Оң қорытынды алынған жағдайда жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжаттама жасақталатын болады.


Биылғы жылы қалдықтарды бөліп жинауды енгізу мақсатында «АйСиЭмРесайклинг» ЖШС қалдықтарды сұрыптау кешенін іске қосты. Бұл қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді.

«Полигондағы қоқыс қалдықтарының жиі өртенуіне байланысты арнайы ұйым қаланың коммуналдық қызметтерімен бірлесіп кезекшілік ұйымдастырды. Қазіргі кезде өрт ошақтарын сөндіруге 2 экскаватор, 1 жүк тиегіш, 1 бульдозер және 3 борт тартылған. Басқа да жұмыстар жасалатын болады», деді қала басшысы.





Соңғы жаңалықтар