Орал Шәріпбаев: Тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тілдің мәртебесі өсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазақстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстелде тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тілдің мәртебесі өскендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіздіктің арқасында ана тілімізге қайта оралдық. Әуел баста «қазақ қазақпен қазақша сөйлесу керек» деген ұстаным қалыптасты. Ал қазір тіпті елдегі басқа ұлт өкілдері қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындап, үйрене бастады. Олар мұндай шешімді бұйрықпен емес, жүрекпен қабылдады. Болашақ – жастардың қолында. Сондықтан біз өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеп, өз тілін қадірлеуге үйретуіміз қажет», - дейді Орал Шәріпбаев.

Оның айтуынша, 30 жылдың ішінде мемлекетіміз достықтың мекеніне айналды. Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдері бір үйдің баласындай береке-бірлікте ғұмыр кешуде.

«Қазір көптеген елді мекендер мен көшелердің атаулары қазақшаланып жатыр. Бұл да айтарлықтай жетістік. Әсіресе Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары аномастика саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бұрынғы Зырян ауданына Алтай атауы берілді. Сондай-ақ идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларына елге еңбегі сіңген, тұғыры биік тұлғаларымыздың есімдері берілуде. Алдағы уақытта да осы бағыттағы тиісті жұмыстар тоқтап қалмайды деген сенімдемін», - дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті.

Сондай-ақ ол өз сөзінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбек сіңіргенін айтты.

«Осыдан біршама жыл бұрын Тұңғыш Президенттің қабылдауында болған едім. Сол кезде ол елдің болашағы ана тіліміздің сақталуына байланысты екендігін айтқан-тұғын. Расыменде тілінен айырылған халықтың болашағы бұлыңғыр, келешегі көмескі. Міне, сондықтан ата-бабабан мирас болып келе жатқан бай тілімізді көзіміздің қарашығындай қастерлейік», - дейді Орал Шәріпбаев.


Соңғы жаңалықтар