Орал өнерпаздары Қырғызстанда өткен фестивальде бас жүлдені жеңіп алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық өнерпаздар Қырғызстанда өткен «Jeti Oguz жұлдыздары» lV халықаралық конкурс-фестивалінде Гран-приді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш дода Қырғыз Республикасының «Өңірлік даму» жылының аясында ел әртісі, белді актер Мукамбет Токтобаев пен республика мәдениетінің мықты қызметкері, әнші Элмира Қайыпқызының құрметіне арналды.

Ұйымдастырушы, әнші Қайрат Салмакеевтің айтуынша, 25 шілде күні басталып, 30-ы күні қорытындыланған айтулы шараға Түркия, Ресей, Қазақстан, Үндістан, Моңғолия, Қырғызстан, Саха (Якутия), Тыва (Тува) және басқа елдерден өнерпаздар қатысты.

Жалпы, бұл шараға жыл сайын мыңға жуық адам келеді. Мұндағы мақсат - әр елдің өнер адамдарының басын қосып, таланттарын әлемге паш ету.

Фестиваль бұған дейін Шыңғыс Айтматовтың 90, Әшіралі Айталиевтің 95, Калыйбек Жекшеновтің 65, Эмил Токтобековтің 55 жылдығына арналған болатын.

Байқау әншілер (эстрада, опера, джаз және фольклор жанры), манасшылар, күй өнері, би өнері, дизайнерлер, қолөнер шеберлері және актерлік шеберлік аталымдары бойынша өткізілді.

Фестиваль қорытындысында Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының актрисасы Эльмира Мақашева актерлік шеберлік аталымы бойынша көркем сөз оқудан бас жүлдені жеңіп алды. Ол Ш.Айтматовтың «Жанпида» романынан монологты тебірене оқып берді.

Сол секілді Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның бишілері Сұлтан Даутов пен Камилла Халелова би өнерінен Гран-приге қол жеткізді.

«Бұл байқау - өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі. Өйткені әр елдің мақтаныштары - кіл мықтының арасынан дараланып шығу оңайға түскен жоқ. Ең бастысы, ел үмітін ақтап, абыройын асқақтату ғой», деді ҚазАқпарат тілшісіне ҚР мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақашева.

Айта кетейік, өткен жылы осы фестивальде «Үздік дәстүрлі әнші» аталымы бойынша Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Күләш Қуанышқалиева бас жүлдені жеңіп алған болатын. Биыл ол құрметті қонақ ретінде қатысты.



Соңғы жаңалықтар