Орал қаласының тұрғыны 4 кг есірткімен ұсталды
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1970 жылғы тұрғынның мекенжайынан табылған есірткі сараптама қорытындысына сәйкес кептірілген марихуана болып шықты.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 4 келідей болды.
Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігіне сәйкес (аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл бап бойынша айыптыға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Сонымен қатар 1985 жылғы әйел есірткі затын өткізу сәтінде қолға түсті. Сараптама қорытындысына сәйкес бұл 0,1800 грамм синтетикалық есірткі болып шықты.
Сондай-ақ полицейлер 1999 жылғы тұрғынды ұстады. Ол ер адамға 0,0170 грамм альфа-пирролидиновалерофенон есірткі затын сатқан.
Бұл күдіктілерге ҚР ҚК 297-бабы 1-бөлігіне (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сәйкес айып тағылды.
Оларға мүлкін тәркілеумен бірге 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін.