Орал қаласының көшелерін су басты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында жаңа жыл алдында жауған қар қайта еріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысында желтоқсанда қарсыз, қара суық қыс болып, мал-жанға қиын тиіп еді.

Жаңа жылға тек үш күн қалғанда, үзбей қар жауып, жұртты қуантқан болатын. Әйтсе де 1 қаңтарда кешкісін қар еріп, түнде жаңбыр жауды. Қардың еруі 2 қаңтар күні де жалғасты. Соның салдарынан Орал қаласының көшелеріне су толды. Оған қоса көктайғақтың кесірінен жүріп-тұру қиындады.


Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 11 арнайы техника су сору жұмыстарын жүргізуде. Екі күннің ішінде 330 текше метр су сорылды.

Екі ауысымда 360 адам жұмыс істеуде. Барлығы 90 техника тартылған. Қалада су сору, тазарту жұмыстары жалғасуда.


Жалпы, Батыс Қазақстан облысында ауа райы құбылмалы болып тұр.

БҚО ТЖ департаментінің хабарлауынша, 3 қаңтар күні де ескерту жарияланды. Облысқа қоса Орал қаласында тұман түсіп, көктайғақ болады. Қазір жел күшейіп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның 13 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.

Фото – «Жайық таза қала» ЖШС.
Соңғы жаңалықтар