Орал қаласының бірқатар бөлігі тағы да сусыз қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кәріз коллекторындағы апат салдарынан қаланың бірқатар бөлігі тағы да сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлім еткендей, 26 және 27 ақпан күндері М.Шолохов көшесі бойында кәріз коллекторында апат болған.

Диаметрі 1000 мм тұрба зақымданып, топырақ опырылса, содан кейін құдық та істен шықты.

Тұрғын және саяжай үйлерін су басу қаупі төнгеннен кейін қаланың бірқатар шағынауданына су беру тоқтатылды.

Қазіргі кезде «Батыс су арнасы» ЖШС (28 адам, 9 техника) мен БҚО ТЖ департаменті күштері (29 қызметкер, 9 мотопомпа, 9 техника) оқиға орнында жұмыс жасауда.

Қаланың шағынаудандарына су тасымалы ұйымдастырылды. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар қамтылуда. Үйінен шыға алмайтын адамдар 109 телефонына өтінім берсе, еріктілер суды жеткізіп береді.

«Кәсіпкерлерден судың бағасын өсірмеуді, мүмкіндігі болса, төмендетуді сұраймыз. Кәріз коллекторының жұмысын таяу уақытта қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», деді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәріз коллекторындағы апаттан саяжай үйлеріне қауіп төнгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар