Орал қаласының білім мекемелерінде санитарлық талаптар қалай сақталып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласының балабақша, мектептерінде санитарлық талаптардың қалай сақталып отырғаны жөнінде қоғамдық бақылаудың БҚО бойынша үйлестірушісі Айгүл Түркина әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қоғамдық бақылаушылар бір апта бойы балабақшалар мен мектептерге мониторинг жүргізіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысуда.

«Біз қалалық білім беру бөлімі өкілдерімен бірге алдымен «Балдырған» және «Жұлдыз-ай» балабақшаларында болдық. Мұнда балдырғандардың жалпы санының 50 пайыздайы келуде. Балабақша қызметкерлері карантин талаптары аясында жұмыс істеуде. Қазіргі таңда балалардың бәрі де сау, медициналық пункттер дәрі-дәрмекпен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ата-аналар да барынша бетперде кию режимін сақтауда», - деді А.Түркина.

Қоғамдық бақылау тобы №44 орта мектепте болған кезде бірқатар ұсыным жасалды. Атап айтқанда, мүмкіндігіне қарай кіреберісте келгендердің назарына түсу үшін бетперде кию туралы хабарландыру тұрғаны жөн. Бір атап өтерлік жайт, қажетті тауарлар алуға мемлекеттік сатып алуды мектеп әкімшілігінің өзі жүргізуді бюджетті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған санитайзерлер орнатылып, кварц шамдары мен дезинфекциялық құралдардың қойылғаны дәлел. Ауысымдар бойынша сабақ кестесі оқушылар бір-бірімен жолықпайтындай ойластырылған. Кіретін және шығатын есіктері де бөлек. «Бір кабинет – бір аумақ» қағидаты бойынша жолақтармен шектеу де түрлі сыныптардың бір-бірімен араласпауына мүмкіндік береді. Мектеп әкімшілігіне ата-аналармен түсінік жұмыстарын жалғастыру ұсынылды.

«Бүгін төрт мектепті аралап, соның алдында өздері берген деректерді тексеріп шықтық. Соның ішінде, әсіресе, №16 мектепті ерекше атап өтуге болады. Мұнда санитарлық талап қатаң сақталуда. Ата-аналармен де жұмыстар жүргізілуде. Ал №9 орта мектепте үш оқушыдан коронавирус анықталуына байланысты карантиндік шаралар атқарылуда. Мектеп директорының сөзіне қарағанда, олар алдағы дүйсенбіде тест тапсырады. Тест қорытындысы індеттің жоқтығын көрсетсе, кезекші сыныпта оқитын екі шәкірт мектепке оралады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Түркина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 4 оқушының коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар