Орал қаласының аумағы 4767 гектарға ұлғайып, шаһар халқы 350 мыңға көбеймек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының 2030 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес, шаһар халқы сол мезгілде 350 мыңға артпақ.

Қала әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиевтің айтуынша, бұдан бұрынғы бас жоспар Үкімет қаулысымен 2005 жылғы 10 ақпанда бекітіліп, 2015 жылға дейінгі кезеңді қамтыған болатын. Сондықтан, оның мерзімі аяқталуына байланысты қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, жаңа бас жоспар жасалды. Еуразиялық экономикалық одақтың күшіне енуіне байланысты шекаралық ынтымақтастық Орал қаласына тың серпін бермекші. Бұл ретте Атырау, Ақтөбе, сондай-ақ Ресейдің Саратов, Самара, Орынбор қалаларымен қолайлы автожол қатынасы бар екендігін айта кеткен жөн. Алматы-Мәскеу темір жолы да Орал арқылы өтеді.

Қазіргі таңда қала аумағы - 20983 га, халқы - 282 мың, жалпы тұрғын үй қоры - 4,374 млн. шаршы метр, көше мен жолдардың ұзындығы - 582,2 км. 2030 жылға дейін жаңа тұрғын үй құрылысы көлемі 3,9 млн. шаршы метрге, қала аумағы 4767 гектарға ұлғайтылып, 25750 гектарға жетпекші. Қала аумақтық жағынан батыс, оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс бағытқа қарай дамымақшы. Көлік жолдары өз алдына, Шаған өзені арқылы үш, Жайық арқылы екі көпір және қос теміржол өткелі де салынбақ. Сонымен қатар, суды тәулігіне тұтыну мөлшері қазіргі 50,3 мың текше метрден 2030 жылға қарай 117,9 мың текше метрге, жылу жүктемесі 701,29 мВт-дан 1732,4 мВт-ға, газдың жылдық шығыны 378 млн. текше метрден 562,98 млн. текше метрге, электр қуатын тұтыну 65 мВт-дан 167,54 мВт-ға дейін жетпекші. 2040 жылға дейін қала халқын 400-450 мыңға дейін көбейту көзделуде.

Соңғы жаңалықтар