Орал қаласының әуежайын жаңғырту жұмыстары атқарылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының әуежайын жаңғырту жұмыстары атқарылмақ.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, өткен жылы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев әуежайды мемлекет меншігіне беру және жасанды ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту туралы жоспарды бекіткен болатын. Жаңғырту жобасымен жасанды ұшу-қону жолағы ұзындығын 2400 метрден 2800 метрге дейін, енін 42 метрден 45 метрге дейін ұзарту қарастырылған.

Қазіргі уақытта «Орал қаласы әуежайының жасанды ұшу-қону жолағын, перроны мен бұру-жылжу жолағын қайта жаңғырту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Орал қаласы әуежайының жасанды ұшу-қону жолағын, перроны мен бұру-жылжу жолағын қайта жаңғырту жұмыстарын орындауға 2014 жылғы шілде айында конкурс жариялады.

Айта кетейік, Орал қаласы әуежайы («Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС) арқылы «Бек Эйр» мен «СКАТ» әуе компанияларының ұшақтары Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Мәскеу қалаларына қатынап келеді. Әуежай қайта жаңғыртылған кезде оның ұшақ қабылдау мүмкіндігі де кеңейе түспек.

Жалпы, өңірде жолаушы тасымалдау мәселесіне ұдайы көңіл бөлінуде. Мәселен, облыста 5 халықаралық, 2 облысаралық, 35 қалалық, 34 облысішілік тұрақты автобус бағыттары жұмыс жасап, олар бойынша 12 тасымалдаушы кәсіпорын қызмет көрсетеді. Бес кәсіпорын ТМД мен өзге шет елдерде шығарылған 100-ден астам автобус алып, өз парктерін жаңартты. Биыл «Қазақстан Елім» ЖШС облысішілік әлеуметтік маңызы бар он бағытта шетелдік жан-жақты жағдайы бар автобустармен жолаушы тасымалдауда. Осы бағыттарды субсидиялауға бюджеттен 21 млн. теңге бөлінсе, бірінші жартыжылдықта соның 10 млн. теңгесі игерілді.

Сол секілді 2014 жылы «Орал-Озинки» және «Орал-Шыңғырлау» бағытындағы әлеуметтік маңызы бар пойыздарды субсидиялау жалғасын тапты. Бұл мақсатқа 120 млн. теңге қарастырылып, игерілуде.

Соңғы жаңалықтар